Сот ғимаратында медиация кабинеті жұмыс істейді

ATPress.kz. 21 ақпан. Жылыой аудандық соты ғимаратында жаңа медиация кабинеті ашылды.

Салтанатты жағдайда өткен ресми шараға Жылыой аудандық сот төрағасы Б. Жұмабаев, судьялар, кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлар, прокурорлар, сот мамандарымен бірге үшінші сектор өкілдері қатысты. 

Медиация институтының күнделікті тәжірибеде тиімділігін дәлелдеп жүргені белгілі. Сарапшылар бүгінде медиаторлардың негізінен бес қағиданы басшылыққа алумен ерекшеленетінін айтады. Еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі, бейтараптығы, медиация рәсіміне үшінші тараптың араласуға жол берілмеуі және құпиялылықты сақтау. Осындай стандарттарға негізделген медиация институты бүгінде тараптардың уақытын үнемдеуге жол ашып отыр. «Және бір артықшылық - медиатордың көмегіне жүгінушілерге мемлекеттік баж салығын төлеу міндеттелмейді. Әрі, адвокаттың қымбат тұратын қызметіне де қажеттілік туындамайды», - дейді сарапшылар. 

Халықаралық статистикалық мәліметтерде әлемдегі барлық даулардың кемінде 30-40 пайызының медиациялық жолмен қаралатындығы және олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілгені айтылады. Біздің елімізде «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. 

 

Ж. Шаңқанова