Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол сақшылары тәулік бойы қызмет атқарып, үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Дегенмен, жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуы салдарынан тас жолдарда жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Өкінішке орай, тек бір күннің өзінде орын алған бірнеше жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам көз жұмды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атап айтқанда, 15 сәуір күні сағат 05:45 шамасында Toyota Camry маркалы автокөлік аударылып, апат салдарынан үш адам қаза тапты, тағы бір жолаушы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Сол күні сағат 15:30 шамасында Сағыз ауылында жасөспірім мотокөлікпен бағанаға соқтығысып, алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.
Сағат 16:40 шамасында Доссор–Құлсары тас жолының 93 шақырымында жүк көлігі мен ВАЗ-2115 маркалы автокөлік соқтығысып, соның салдарынан тағы бір адам оқиға орнында қайтыс болды.
"Құрметті жүргізушілер! Әрбір жол қозғалысына қатысушы – өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапты. Жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыздар, қауіпсіздік белдігін тағып жүріңіздер, жол ережелерін қатаң сақтаңыздар. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін" дейді жол сақшылары.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ