Жыл басынан бері облыста қаржылық пирамидаларға байланысты үш қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік: ХХІ ғасырдағы сандық тұзақтар» атты аймақтық форум өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, мамандар кез келген компанияға инвестиция құймас бұрын мекеменің қаржы пирамидаларымен байланыста жоқтығын тексеріп алудың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің «Baiqa, piramida!» Telegram-ботын пайдалануға болады.
- ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қаржылық пирамида құру және оған басшылық ету заңмен қудаланады. Сондай-ақ қаржылық пирамиданы жарнамалағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бүгінгі таңда Атырау облысында қаржылық пирамидаларға қатысты 3 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде,- деді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Ерлан Иманғалиев.
Сонымен қатар ақша айналымы, жеке бюджетті жүргізу, табыс пен шығынды жоспарлау, несие мен пайыздық мөлшерлеме, инвестиция негіздері сияқты ұғымдарды жіті білу, құжаттарды тексеру де аса маңызды.
-Қаржылық қауіпсіз болу үшін ең алдымен қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Әрбір азамат өз қаржысын дұрыс басқара білуі тиіс. Сондай-ақ отбасылық бюджетті тиімді жоспарлап, табыс пен шығынды үйлестіре білу маңызды,-деді Қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі Зита Кенжеғалиева.
Бұдан бөлек 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап барлық білім беру бағдарламасына «Қаржылық сауаттылық негіздері» атты жаңа пән енгізілді. Бұл пән Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Қаржы және есеп кафедрасының қос білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілуде.
Сәуле МАҒАУ
Фото: ru.freepik.com