Атырауда алғаш рет туристік гидтерге арналған тегін курс ұйымдастырылды

Атырау қаласында туризм саласының кәсіби мамандарын даярлауға бағытталған маңызды жоба іске асырылып жатыр. “Atyrau VISIT” туристік-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен және Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) әдістемесі негізінде гидтерге арналған тегін оқу курсы басталды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Курсқа қатысушылар 10 күн ішінде кәсіби тренерлерден 5 күн теориялық, 4 күн практикалық дәріс алады. Болашақ гидтер курс аяқталғаннан кейін арнайы емтихан тапсырып, сынақтан өтеді.

- Курсқа қатысушылар оқудың практикалық бөлімінде Атыраудың көрікті жерлеріне экскурсиялар жасап, гид жұмысында кездесетін түрлі жағдай бойынша жаттығулар өткізеді. Сабақ соңында тыңдаушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталады, - деді “Atyrau VISIT” туристік ақпараттық орталығының басшысы Болатбек Нұрлыбай.

Бірнеше жылдық тәжірибесі бар тренерлер Арина Джамангараева мен Медет Төлеу курстың мақсаты мен ерекшелігіне тоқталды.

- Бұл қалаға келудегі басты мақсатымыз – Атырауда туризмді дамытуға үлес қосатын, тарихты терең білетін әрі шет тілде еркін сөйлей алатын білікті гидтерді даярлау. Біз тек теориямен шектеліп қалмай, практикалық дағдыларға да ерекше мән береміз. Туриспен қалай сөйлесу керек екенін, экскурсияны қызықты етіп жеткізу жолдары мен маршрутты дұрыс жоспарлау сынды бағыттарды үйретеміз, - деді кәсіби гид Медет Төлеу.

Айта кетейік, өңірде бірінші рет ұйымдастырылып отырған курсқа 24 адам қатысуға ниет білдірген. Олардың 12-сі қазақ тілінде білім алса, қалғаны орыс тілінде кәсіби біліктілігін шыңдап жатыр.