Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген мәселелер қазіргі кезеңнің ең өзекті, ең шынайы жайттарын дөп басып тұр.
Президенттің «Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады» деген сөзі – бүгінгі күрделі ахуалды тек қауіп ретінде емес, даму үшін жаңа белес ретінде қабылдауға үндейді. Бұл – прагматикалық, әрі үмітке толы көзқарас.
Қазіргі таңда түрлі популистік үндеулер мен қоғам ішіне іріткі салғысы келетін әрекеттер көбейіп бара жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан Президенттің осындай арандатушылыққа қарсы тұру үшін бүкіл қоғам бірігуі керек деген үндеуі орынды әрі уақытылы айтылған. Себебі бірлікті сақтамай, даму болмайды.
Президенттің жастарға, зиялы қауымға, қарапайым еңбек адамдарына қарата айтқан «өз күшімізге ғана арқа сүйеу», «жауапкершілік сезімін арттыру» секілді үндеулері – шын мәнінде ел ішіндегі әр азаматқа бағытталған. Қоғамдық келісім мен өзара тілеулестік, темірдей тәртіп пен жасампаздық – бұл тек ресми ұстаным ғана емес, бұл – әр қазақстандықтың күнделікті өміріне айналуға тиіс құндылықтар.
Мен журналист ретінде де, университет оқытушысы ретінде де Президенттің «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» идеяларын қолдаймын. Себебі бұл қағидаттар – елімізді әділетті, қауіпсіз әрі өркениетті мемлекетке айналдырудың берік іргетасы.
Бүгінгі сын-қатерлерден қорқатын емес, одан жаңа мүмкіндіктер жасай алатын ел екенімізді дәлелдеу – біздің ортақ міндетіміз. Президент айтқандай, «Бұл қиындық та артта қалады». Бірақ соған жету үшін баршамыз бір мақсатқа жұмылып, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет.
Мәншүк МҰҚАШЕВА,
Мақат ауданының Құрметті азаматы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, халықаралық Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты
Фото: Ақорда