Атырауда құрылыс нысанында өрт болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгін таңғы сағат 05:23-те Атырау қаласының орталық көшелерінің бірінде жаңадан салынып жатырған тұрғын үй кешенінен өрт шыққаны туралы шақырту келіп түсті. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінен білгеніміздей, оқиға орнында 13 пен 14-қабаттар арасындағы 450 шаршы метр аумақта ағаш қалып (опалубка) жанған. Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында өрт сағат 06:48-де оқшауланып, 07:04-те толық сөндірілді. Тілсіз жаудың тұрғын үйге таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге облыстық ТЖД-нің 32 құтқарушысы мен тоғыз техникасы жұмылдырылды.
Амандық АБДОЛ