Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында айтқан сөздері қазіргі геосаяси жағдайдың күрделене түскенін және осындай алмағайып заманда еліміздің сыртқы және ішкі саясатына аса үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын көрсетеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Президенттің басты ойы – қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан халқының бірлігін сақтап, ішкі ынтымақтастықты нығайту. "Берекесіздікке бой алдырмау" – бұл тек ішкі жағдайға ғана емес, халықаралық қатынастарға да қатысты айтылып отыр. Яғни, еліміз ішкі тұрақтылық пен татулықты сақтай отырып, сыртқы әлеммен де сындарлы диалог жүргізуге тиіс.
Президент халықаралық қатынаста эмоцияға емес, прагматизм мен әділдікке сүйену керектігін баса айтты. Бұл Қазақстанның бейбітшіл және конструктивті сыртқы саясат ұстанымын тағы бір мәрте айқындайды. Қиындықтарға қарамастан, келіссөздер арқылы ортақ шешім табуға ұмтылу – қазіргі заманның басты талабы.
Тоқаевтың сөзінен қазіргі ахуалға бейімделіп, тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегиялық шешімдер қабылдау қажеттігі көрініп тұр. Бұл – мемлекет басқаруындағы икемділік пен болашаққа жоспар құрудың маңыздылығын көрсетеді. Елдің экономикасын, әсіресе инвестиция мен өнеркәсіпті дамыту – осы стратегияның нақты бөлігі ретінде ұсынылған.
Президенттің жаһандық мәселелерді тек халықаралық ықпалдастық арқылы шешуге болады деген пікірі — Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының бір көрінісі. Бұл еліміздің тек өз мүддесін емес, бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты көздейтінін білдіреді.
Президенттің бұл пайымы – елдің қазіргі жағдайдағы бағытын анықтайтын маңызды бағдар. Ол Қазақстан халқын бірлік пен сабыр сақтауға, сындарлы саясат жүргізуге, сыртқы әлеммен тиімді диалог орнатуға үндейді. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді мақсаттардан бас тартпай, нақты әрі тиімді жұмыс арқылы сол межелерге қол жеткізу қажеттігін баса айтады.
Гулназ Абдраимовна,
“Пәрвәз” ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы
Фото: Ақорда