Атыраулық жасөспірімдер әлем чемпионатынан жеңіспен оралды

18-21 сәуір аралығында Дубайда жүзуден өткен әлем чемпионатынан спортшыларымыз үш алтын, екі күміс және екі қолаға ие болды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

40 елден 1500-ден астам жасөспірім қатысқан жарыста Жансейіт Жанбосын қос мәрте алтын мен күміс медаліне ие болса, Әсет Абзал екі дүркін күміс және қола медалімен қоса бір алтынды қоржынға байлады. Қалған спортшылар финалға өтіп, абыройлы нәтиже көрсетті.

- Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дубайға барған спортшыларымыз өздеріне артылған сенімді толық ақтады. Біз бірнеше ай бойы тынымсыз еңбек еттік. Таңғы жаттығулар, техника мен төзімділікке бағытталған арнайы бағдарламалар — бәрі осы нәтиже үшін жасалды. Барша қолдау білдірген ата-аналар мен ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіремін,- деді Атырау су спорты түрлері клубының жоғарғы дәрежелі ІІ санатты жаттықтырушысы Аян Кажденбеков.

Жаттықтырушының айтуынша, алдағы уақытта Шымкент қаласында өтетін республикалық сайысқа екі құрама, яғни, 36 спортшы қатысып, бәсекеге сай екенін тағы да дәлелдемек.

- Мен әлемдік чемпионатқа алғаш қатысып, жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Сайыс өте керемет өтті. Алдағы мақсатыма сай талай сайыста қазақ елінің атын шығарғым келеді,- деді жеңімпаз Әсет Абзал.