Сәтбаев даңғылы қашан ашылады? (+ВИДЕО)

Атырау қаласының инфрақұрылымын сапалы дамыту мақсатында басты көше — Қаныш Сәтбаев даңғылында қайта жаңарту жұмыстары жүруде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осыған байланысты 14 сәуірден бастап кейбір автобустардың бағыттары өзгеріп, қалада кептеліс көбейді. Ұзын-сонар кептелістің туындауына себеп жолды қайта жаңарту жұмыстары қашан аяқталады?

- Сәтбаев даңғылында қайта жаңарту жұмыстары барысында асфальттың беткі қабаты мен  жол айналасындағы тастардың барлығы толық ауыстырылуда. Сондай-ақ көше бойына архитектуралық нысан салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта даңғылдың бір жақ бөлігі жабылып, Құрманғазы көшесінен бастап, Ерниязов көшесінің аумағындағы бір жақ бөлігіне асфальт жабындысын құю жұмыстары жүріп жатыр. Келесі бөлігі кезең бойынша жабылып, бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады,- деді Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек ТӨЛЕГЕН.

Қаныш Сәтбаев даңғылының жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Қайта жаңарту жұмыстарына 20-ға жуық техника жұмылдырылды.

Бұдан бөлек  биыл 161 көшеге 67 шақырымға жуық жол салынбақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Қалалық әкімдіктің айтуынша, 186 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да осы жылы аяқталады. Сондай-ақ  Жарбосынов, Ерниязов, Молдағұлова, Махамбет көшелері мен Азаттық  даңғылында орташа жөндеу жұмсытары жүргізіледі. Бұдан бөлек қала аумағы мен қалаға қарасты ауылдық округтердегі  жолдардың 50мың шаршы метр жол қайта жөндеуден өтеді. Айта кетейік, Атырауда қала жолдарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 16 млрд теңге бөлінді.

Хұсни ХАМЗА

Фото-иллюстратив: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ