Биыл аймақтағы 100 мың гектардан астам жер шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтпек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Үйірлі жәндіктерге қарсы 65 мың га (оның ішінде 16 мың га азиялық, 49 мың га итальяндық прус шегірткесі) және 38,7 мың га алқап саяқ шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеуден өтеді деп жоспарлануда. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапанов мәлім етті. Бүгінде шегіртке зиянкестерінің көктемгі күбіршіктеріне зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, көпжылдық орташа көрсеткіштерді зерделей отырып, аймақта итальян прусы дернәсілдері мамырдың 1-15-і, ал азиялық шегіртке дернәсілдері 10–25 мамыр аралығында оянады деген болжам бар. Соған сәйкес итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу 18-25 мамырда, азиялық шегірткеге қарсы жұмыстар 25 мамыр - 5 маусым аралығында басталады деп күтілуде.
- Өңдеу жұмыстары облыстың төрт ауданы және Атырау қаласына қарасты ауылдық округтерде атқарылады.Үйірлі шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстары Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген пестицидтермен жүргізіледі және өсімдіктерді қорғау жұмыстары мемлекеттік инспекторлар тарапынан қадағаланады. Қазір облыста химиялық өңдеуге жатқызылған жер көлемдеріне байланысты өңдеу жүргізетін мекемелер арасында комитетпен өткізілген конкурс нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, тиісті келісім-шарттар жасақталды,- деді А. Қапанов.
«Аса қауіпті, зиянды ағзаларға қарсы күрес шараларына бақылау жасайтын шұғыл әрекет ету штабтары» облыстың барлық жеті ауданы мен Атырау қаласы бойынша жұмыс істеуде. Шегірткелерге қарсы зерттеу және өңдеу шараларына жалпы саны 124 адам және 27 автокөлік қамтылмақ.
Өңірдегі 41 мың га алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын «AVIASILA» ЖШС-ның үш жеңіл делтолеті жүргізеді. Ал 2,8 мың га жерді «Магтоксин» ЖШС-нің жерүсті желдеткіш бүріккіші, сондай-ақ 17 мың га жер осы мекеменің газогенератор бүріккіші арқылы атқарылады. 3 мың га алқап Батыс Қазақстан облыстық РМК «Фитосанитария» мекемесінің үш дрон аппаратымен өңделеді деп жоспарланып отыр. Саяқ шегіртке зиянкестерімен зақымдалған 38,7 га алқаптағы химиялық өңдеу жұмыстарын «Магтоксин» ЖШС жүргізеді.
Осы жылы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге облыста алғаш рет пайдаланылатын дрондармен Қызылқоға ауданында итальяндық прусқа қарсы 1,7 мың га, Исатай мен Құрманғазы аудандарында азиялық шегірткеге қарсы 1,8 га — барлығы 3,5 мың га алқап өңделмек.
Аман ШАМАР