Жіті ішек инфекциясынан сақтанудың бірден-бір жолы — тазалық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, Атырау облыстық инфекциялық ауруханасында жатқан 51 науқастың басым бөлігі — балалар. Дегенмен жалпы жағдай — тұрақты. Ішек инфекциясы – ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы, оның түрі де көп. Дерттің белгісіне дене қызуының көтерілуі, жүрек айну, құсу, іштің өтуі жатады. Мұндай жағдайға тап болғанда медициналық көмекке дерек жүгіну керек. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың басым бөлігі балалардың болғандығы ата-аналардың оларға тазалықтың маңызын түсіндірмеуінен де туындайды.
- Кейде ауру тазалықтың қарапайым ережелерін сақтамаудың салдарынан-ақ шығады. Одан бөлек тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалануды әдет қылған абзал. Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді қолданған жөн. Ал үйді, ауланы таза ұстау – басты қағида. Осының бәрін балаларға да ерте жастан үйретіп, түсіндірген жөн, - дейді облыстық инфекциялық ауруханасы жұқпалы ішек аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Жантөре Орысбаева.
Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін. Вирусты инфекция көбіне салқын түскенде, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде жиілесе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жағдайлары жазғы мезгілде арта түседі.
Айта кетейік, былтыр аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінен 4731 адам емделіп шыққан.
Аман ШАМАР