Әскери-патриоттық тәрбие беруде заманауи құралдарды пайдалану керек

Атырауда бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы педагогтердің қатысуымен облыстық ғылыми-әдістемелік конференция өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің алғашқы әскери және технологиялық даярлық пәні бойынша әдіскерлері, жалпы білім беретін мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және АӘжТД мұғалімдері қатысты. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, конференция алдында Қарулы күштер, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар департаменті және басқа да әскери құрылымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қару-жарақтар, құрал-жабдықтар мен арнайы киім-кешектер таныстырылды.

– Қазіргі қоғамда жастарға патриоттық тәрбие беру – маңызды міндеттердің бірі. Ал бұл бағыттағы білім берудің негізі бастапқы әскери және технологиялық даярлық пәнінде қаланады. Сондықтан мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу, тиімді әдістерді енгізу – аса өзекті. Осы шара арқылы оқу-тәрбие процесіне заманауи әдістемелерді енгізіп, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырумен қатар ұлттық қауіпсіздік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру жоспарланып отыр, – деді Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бөлім басшысы Ерлан Закиев.

Конференция барысында мұғалімдер теориялық білім мен практикалық шеберлікті меңгерумен қатар уақыт талабына сай цифрлық ресурстарды пайдалану дағдыларын жетілдіруді үйренді. Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие беру кезінде заманауи құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану мәселелері қарастырылды.

Сәуле МАҒАУ