Қазақстан Халқы Ассамблеясы отыз жылда ортақ құндылықтар алаңына айналды

Бүгін, 24 сәуірде, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Бұл сессия – ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын әрбір азамат үшін аса маңызды оқиға. Біз, Қазақстан жастары, бұл сессияны ерекше үмітпен, сеніммен және үлкен жауапкершілікпен қарсы аламыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың символына айналған бірегей институт. Ол еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің, мәдени алуандықтың және қоғамдық өзара құрметтің нақты кепілі болып келеді. Жастар үшін Ассамблея – тек өткен мен бүгіннің сабақтастығын сақтайтын құрылым емес, сонымен бірге келешекке жол ашатын, жастардың үнін еститін, бастамаларын қолдайтын маңызды платформа.

Біз – тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп, саналы өмірімізді Қазақстанның дамуымен қатар өрбітіп келе жатқан буынбыз. Бейбіт өмір мен бірліктің қадірін түсінетін, әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрін құрметтейтін, заманауи білім мен жаңашыл ойға сүйенетін ұрпақпыз. Сондықтан біз ҚХА-ның қызметін толық қолдаймыз және оның алдағы жұмыстарына өз үлесімізді қосуға дайын екенімізді мәлімдейміз.

Ассамблея бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жастар – Отанға», «Ұлы Дала жастары», «Жастар Ассамблеясы» сияқты жобалар еліміздегі жастар саясатының нақты көрсеткіші. Бұл жобалар бізге тек рухани тәрбие мен ұлттық бірегейлікті ұғындырып қана қоймай, өз идеяларымызды жүзеге асыруға, әлеуметтік және мәдени жобаларымызды дамытуға жол ашып отыр.

Бүгінгі сессияда айтылып жатқан әрбір пікір, әрбір ұсыныс – ел ертеңіне жасалып жатқан маңызды қадам деп білеміз. Жастардың белсенді азаматтық ұстанымы, ел тағдырына деген жауапкершілігі күн санап артып келеді. Біз волонтерлік қызметтен бастап, ғылым мен технология, шығармашылық және кәсіпкерлік салаларында да еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып келеміз.

Құрметті қатысушылар! Қазақстанның әр азаматы – еліміздің тағдырына жауапты. Әсіресе біз, жастар, осы жауапкершілікті толық сезініп, ел болашағына бейжай қарамауға тиіспіз. Бізді біріктіретін – ортақ тарих, ортақ құндылықтар, ортақ болашақ. ҚХА жұмысы – осы болашақтың іргетасын бекемдеуші күш.

Сөзімді қорытындылай келе, Мемлекет басшысының саяси ұстанымдарына сай, жастар әрқашан бейбітшілік пен келісім жолында еңбек ете беретініне сендіргім келеді.

Біз – біртұтас ұлттың жаңа буынымыз! Біздің болашағымыз – бейбіт, әділетті және гүлденген Қазақстан! Бірлігіміз бекем болсын!

Кансэй ТЕ,

Атырау Корей Жастар Қозғалысы көшбасшысының орынбасары, корей тілінің оқытушысы