Өңірде газды тұрмыс жағдайында қауіпсіз пайдалану мәселесі талқыланды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
2024-2025 жылғы жылыту маусымында "QAZAQGAZ AIMAQ" АҚ Атырау өндірістік филиалына тұрғындардан 3395 өтініш түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға төмен. Мамандар мұны биылғы қыстың қатты болмауымен, яғни, жүктеменің аздығымен байланыстырады. Дегенмен газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, әлі күнге жылыту қазандықтары, пештерге және үй ішіндегі газ қондырғыларына қатысты арыз-шағым жиі тіркеледі. Бұл мәселені шешіп, қауіпсіздік тақырыбын талқылау мақсатында Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы "QAZAQGAZ AIMAQ" АҚ Атыраудағы өкілдерімен, газ жабдықтарын орнату және қызмет көрсетумен айналысатын жеке мекемелердің басшыларымен кездесті.
Бүгінде өңір халқының 99,9 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалы 140 мыңға жуық абонементке қызмет көрсетеді. Ал нысан ішіндегі газ жабдықтарының жай күйіне оның иесі жауапты. Яғни, үй иесі немесе мекеме басшылығы газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін мекемемен келісім жасап, оның қауіпсіздігіне назар аударып отыруы қажет. Бүгінде бұл мәселе, әсіресе, аудандарда өзекті. Өйткені газ жабдықтарын жөндеумен айналысатын мекемелер шалғай елді мекендерге баруға қызығушылық танытпайды. Тұрғындарды газбен қамтып отырған монополист мекеме өкілдері жеке компаниялардың бұл жұмысқа араласып, сапалы қызмет көрсету керектігі туралы ұсыныс айтты.
«Бұрын біздің мекеменің атын жамылып, газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетеміз деп көпті сан соқтырған алаяқтар болғаны жасырын емес. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындар аттестациядан өткен, лицензиясы бар жеке компаниялармен келісім-шарт жасауы тиіс. Және сол мекеменің сапалы қызмет көрсететініне көз жеткізгеннен кейін ғана келісімге келу керек деген ұсыныс айтамын. Маңызды мәселенің екіншісі жол салумен, жарық және су құбырын жүргізумен айналысатын компаниялардың құрылыс жұмыстарын бізден рұқсат алмай бастауымен байланысты. ҚР Газ және газбен жабдықтау заңының 32 бабына сәйкес жер қазу жұмыстарын жүргізетін компания «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-нан жазбаша келісім алуы тиіс. Бұл белгілі бір аумақты көгілдір отынсыз қалдырмаудың алдын алады»,-деді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ АӨФ бас инженерінің орынбасары Арман Капсихов.
Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Жантас Оспанов қызмет көрсетумен айналысатын компания өкілдеріне жеке тұрғын үйлердегі газ жабдықтарын жөндеу жұмыстарын сапалы істеп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмысы мен ақпараттандыру жағын күшейту керектігін айтты.
«Газ жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмыстарын істейтін компаниялар сапалы өнімдерді пайдаланып, жұмысты сапалы істеуі қажет. Өйткені газбен жабдықтау жүйесі үлкен қатерге толы. Бұл жерде адамдардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Басты міндет – газдың үздіксіз және қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету, ағып кету, апаттар және адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларды барынша азайту. Бұл инфрақұрылымды жаңарту, жүйелі тексерістер жүргізу, қатаң стандарттарды сақтау, сондай-ақ мамандар мен азаматтарды оқыту және хабардар ету сияқты кешенді тәсілді талап етеді», - деді Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының у.м.а. Жантас Оспан.
Жалпы бүгінде "QAZAQGAZ AIMAQ" АҚ Атырау өндірістік филиалының пайдалануындағы әртүрлі қысымдағы газ құбырының ұзындығы 6 мың шақырымнан асады. Оның 4,5 мың шақырымы жер астында орналасқан.
Сәуле МАҒАУ
Фото: ru.freepik.com