Ас дайындап, үй жөндеп, шаш қиған атыраулық бүлдіршіндер елді сүйсінтті! (+ФОТО)

Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиеленушілердің арасында облыстық «BаbySkills Атырау-2025» чемпионаты өтуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысы Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиеленушілердің арасында «BаbySkills Atyrau-2025» чемпионаты ұйымдастырылуда.

Облыстық чемпионатқа 50 тәрбиеленуші, 50 педагог, 20 сарапшы, колледж оқытушылары мен бас сарапшылар қатысты,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Чемпионаттың бағдары — балаға жалпы мамандықтар туралы бастапқы түсінік қалыптастырып, әртүрлі идея беру, баланың еңбекке және кәсіби әлемге эмоционалды оң көзқарасын қалыптастыру, қолжетімді қызмет түрлерін өздіктерінен пайдалануға мүмкіндік беру.

- Бұл жоба мектепке дейінгі жастағы әр балаға кәсіби мамандардан білім алып, отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, замануи кәсіби құзыреттер туралы толық түсінік алуға мүмкіндік береді. Чемпионат мектеп жасына дейінгі балалардың әртүрлі кәсіптер мен қызмет салаларындағы бастапқы дағдыларды игеруін, ерте кәсіптік бағдарлау сынамаларының полигонын құруды көздейді,- деді Атырау облысы білім беру басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта инклюзивті білім беру білім беру сапасын талдау бөлімінің бас маманы Гүлсім Гильманова.

Чемпионат қос локация бойынша өткізіледі. 23 сәуірдегі жеті мамандықты қамтитын алғашқы жиын облыстық әдістемелік орталығының акт залында ұйымдастырылса, екіншісі 24 сәуір күні қаладағы №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасында үш құзыреттілік, яғни, үш мамандық бойынша өтеді. Ал жабылу салтанаты 25 сәуірде облыстық халық шығармашылығы орталығында болмақ.