«Жасөспірім» рейдтік іс-шарасының алғашқы аптасында құқық бұзғандардың саны 340-тан асты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыста 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Жоба ҚР Ішкі істер министрлігінің 2025 жылға арналған операциялық жоспары аясында ұйымдастырылған. Бұл туралы Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының м.а. Абзал Әліпқалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлім етті. Іс-шара барысында 341 жасөспірім ішкі істер органдарына түсті. Олардың 5-еуі қылмыс, 24-і әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін, сонымен қатар 312-сі түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көшеде жүргені үшін ұсталды.
Абзал Әліпқалиевтің мәліметінше, кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына 4 жасөспірім орналастырылса, ішкі істер органдарының есебіне 3 жасөспірім және 10 жайсыз отбасы алынды.
- Бұл іс-шара тек құқықбұзушылықтарды анықтап қоймай, оның алдын алу, жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатын көздейді. Әрбір бала – қоғамның болашағы. Сондықтан біз барлық жауапты органмен бірлесе отырып, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға күш саламыз, – деді ол.
Аман ШАМАР