Атырауда Ұлттық кітап күні айрықша аталып өтті

Атырау университетінің алаңында «Кітап — ұлттың рухани тірегі» атты мерекелік шара өтуде. Оған облыс әкімдігі, өңірдің ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер, кітапхана оқырмандары қатысты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысындағы 139 кітапханада кітап мерекесіне арналған түрлі іс-шара бір жұма көлемінде өткізілді. Облыс бойынша апталық аясында 258 жиын өтіп, 6 мыңнан астам адам қамтылды.

- Ұлттық кітап күні мерекесіне орай өзіміздің кітапхана қорындағы туындыларды осы шараға алып келдік. Мұнда «Өлке дарабоздары» тақырыбы аясында жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары ұсынылуда. Кітапхана қорында бұл қаламгерлердің еңбектері молынан сақталған. Осы жолы әр автордың бір-екі кітабын іріктеп алдық. Көрмеге мотивациялық бағыттағы кітаптар, бизнес тақырыбындағы әдебиеттер және шетел классиктерінің аудармалары да қойылды. Оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық байқалып, бәріміз зор ықыласпен танысудамыз,-деді Ғ. Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Құралай Сабирова.

Іс-шара аясында филология ғылымдарының докторы, профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Қадыр Жүсіптің «Ақ Жайық жырлары», «Атырау қаламгерлері», «Парасат салтанаты», «Күй падишасы» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.