Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. 1934 жылы негізі қаланған университет бүгінде әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде ерекше орынға ие. Жыл сайын QS World University Rankings рейтингінде үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, халықаралық деңгейдегі беделін арттырып келеді. Университет тек білім мен ғылым саласында ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттау, рухани тәрбие беру және жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқаруда.
Осы бағыттағы жарқын үлгілердің бірі ретінде университет қабырғасында ұйымдастырылған «ТДМ 4: Сапалы білім беру» жобасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері – ұлттық мақтанышымыз» атты халықаралық дөңгелек үстелді атауға болады. Шараның басты мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын кеңінен таныстыру, жастар арасында ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру, патриоттық рухты нығайту және мәдени-рухани мұраны дәріптеу болды.
Іс-шараға С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушылары мен шетелдік студенттері де қатысып, мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды. Студенттер Қазақстан мен Египеттің киелі жерлері бойынша қызықты презентациялар ұсынып, тарихи сана-сезім мен азаматтық жауапкершілік туралы терең диалог жүргізді. Бұл дөңгелек үстел жастардың тек білім алумен шектелмей, ұлт тарихы мен мәдениетіне деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізді.
Сонымен қатар, университеттің шетел тілдері кафедрасы «Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ 11)» аясында «Қазіргі әлемдегі қалалардың экологиялық мәселелері» атты халықаралық студенттік пікірталас ұйымдастырды. Шара жаһандық урбанизация жағдайында туындайтын экологиялық проблемаларды саралап, жасыл технологияларды қолдану және тұрақты даму қағидаларын талқылау арқылы студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Аталған пікірталас онлайн және офлайн форматтарда, ағылшын тілінде өтті. Қытай Халық Республикасының Қашқар университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері қатысып, экологиялық заңнамалар, халықаралық ынтымақтастық, жасыл даму стратегиялары мен экологиялық тәрбие мәселелерін кеңінен талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің шетел тілдері кафедрасы жүзеге асырып отырған бұл жүйелі жұмыстар – университеттің тек білім беру емес, сонымен қатар тәрбие мен руханиятты қатар дамытудағы үлесін айқын көрсетеді. Кафедра меңгерушісі, филолософия ғылымдарының кандидаты, доцент Досмағамбетова Жамила Жамбылқызының басшылығымен ұжым студенттердің жан-жақты дамуына, олардың мәдени және азаматтық тұлға ретінде қалыптасуына зор үлес қосып келеді.
Университет ұжымының осындай бастамалары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейдегі ғылыми-ағартушылық беделін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпақтың рухани жағынан биік, кемел тұлға болып қалыптасуына үлкен жол ашып отыр.
Л.М.Алиярова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы
Фото: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ