Атырауда балық еуростандартқа сай өңделеді

Құрманғазылық балық цехында көктемгі науқан жүруде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ауданда мал шаруашылығымен қатар балық кәсіпшілігі жетекші рөл атқарады. Атакәсіп аудан экономикасының дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының ілгерлеуіне, халықтың жұмыспен қамтылуына үлкен себепкер болып келеді. Бүгінде ауданда балық шаруашылығымен 6 бірдей шаруашылық кәсіпорындары айналысады. Оларға Қиғаш өзенінен, Каспий теңізі жағалауынан арнайы ау тартым учаскелері белгіленген.

Аудан әкімдігінен білгеніміздей, әкім орынбасары А.Мұратов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Н.Тулепов көктемгі науқанға орай аудандағы үлкен кооперативтердің бірі «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінде болып, жұмыс аясымен танысты. Бұл өндіріске қарасты Бірлік, Кудряшов, Теңіз ауылдарында балық өңдеу, қабылдау цехтары жұмыс жасайды. Цехта алдымен сұрыптау, аралау, жуу, тазарту, салқындату, мұздату және тұздау процесстері жүреді.

Еуростандартқа сай өңделген балық көршілес елдерге экспортқа шығарылып отыр. Бұнда жергілікті тұрғындар тұрақты және маусымдық жұмыспен ұдайы қамтылып келеді. Жоспарға сай «Каспий-Балық» өндірістік кооперативіне белгіленген жылдық лимит 2995 тонна болса, ол 49 пайызға орындалған. Жалпы аудан бойынша 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың шілде айына белгіленген балық аулау лимиті 7426 тоннаны құраса, бүгінгі күні күзгі балық аулау науқанында лимиттің 2365,2 тоннасы ауланып, 32 пайызға, ал көктемгі балық аулау науқанында 2890 тонна балық ауланып, 39 пайызға орындалып отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ