Қызылқоғада шаруашылыққа бөлінген 30 мың гектар жер бос тұр...

Бұл мәселе аудан басшысы Қанат Қадыржанұлының төрағалығымен өткен кезекті отырыста сөз болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімдігінен білгеніміздей, жиын барысында аудан өмірі үшін маңызы зор екі мәселе күн тәртібіне шығарылып, сала жетекшілерінің есептері тыңдалды. Бұл – жер қатынастары саласындағы жұмыстар мен аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемін арттыру тақырыбы.

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ – ЕЛ МӘСЕЛЕСІ

Алғашқы болып сөз алған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Сүндет Бағытжанов 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Оның айтуынша, Қызылқоға ауданының жер қоры жеті түрлі санат бойынша бөлініп, жалпы көлемі 2 миллион 60 мың гектардан асады. Бұл байтақ даланың 724 мың гектары – ауыл шаруашылығына арналған, ал 1 миллион гектардан астамы – қосалқы жер қоры.

Жер қорын тиімді пайдалану – қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі. Осы орайда, былтырғы жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 30 мың гектар жер анықталған. Бұл деректер Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, заң аясында тиісті шаралар қабылдау ұсынылған. Бұған қоса, биыл 17 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары қойылып, қазіргі таңда 9 540 гектары қайтарылып үлгерген.

ЛИМАНДЫҚ ЖЕРЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ

Аудан бойынша суармалы, лимандық жерлерге қатысты мәселе де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда бойынша 5 080 гектар лимандық жер телімдері бар болғанымен, олардың бірде-бірі заңдастырылмаған. Мәселен, Ойыл және Жангелдин ауылдық округтерінде 2018 жылы берілген лимандық жерлердің уақытша пайдалану мерзімі аяқталғанымен, ешқандай құжаттар жасақталмаған. Сағыз округінде де 2023 жылы бөлінген 61 гектардан астам лимандық жерге қатысты құжаттар толық рәсімделмеген. Басқа округтерден мүлде ұсыныс түспеген.

Осыған байланысты аудан әкімі Қанат Қадыржанұлы округ әкімдерін сынға алып, дайын тұрған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланбау – уақытты босқа өткізу екенін қатаң ескертті. Ол лимандарды заңдастырып, ауыл шаруашылығына нақты серпін беретін жобаларға айналдыруды тапсырды.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ

Жиын барысында аудан әкімі кәсіпкерлікке қатысты да нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сағыз және Миялы ауылдарынан көкөніс сақтайтын қоймалар мен сауда орталықтарын салуға жер телімін бөлу, сондай-ақ Ойыл өзенінің жағасынан халық демалатын саяжай аймағын аукцион арқылы анықтап, жобаны іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

ИНВЕСТИЦИЯ – АУДАН ДАМУЫНЫҢ ҚОЗАУШЫ КҮШІ

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі болды. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева баяндама жасап, алдағы уақытта инвестициялық жобалар арқылы аудан экономикасын жандандыру бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Жиын соңында аудандық статистика басқармасының басшысы Файзада Сауғабаева да өз саласы бойынша есеп беріп, бөлімдер мен округтер тарапынан қажетті құжаттардың уақытылы тапсырылмауы мәселесін көтерді.

Аудан басшысы жиынды қорытындылай келе, барлық бөлім мен мекеме басшыларына, округ әкімдеріне есеп беру тәртібін жүйелі жолға қою, мерзімінде мәліметтерді статистика басқармасына тапсыру және құжаттамалық жұмыстарды жаңартуды қатаң тапсырды.

Аман ШАМАР

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ