Атырауда жолдағы шұңқырлар жөнделуде (+ФОТО)

Өңір аумағынан өтетін республикалық жолдарда күтіп ұстау жұмыстары жанданды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысында республикалық маңызға ие автомобиль жолдарында көктемгі екі айлық аясында ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің жыл сайынғы тапсырмасына сәйкес,  «Кешенді мақсатты бағдарлама» шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау филиалының бөлім бастығы Н.Жантурин айтты.

"Мамандар, күтіп ұстау жұмастарының басты мақсаты – жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, көлік құралдарының үздіксіз және ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету, сондай-ақ жол жамылғысындағы ақауларды жою" дейді ол.

Атап айтқанда, KAZ12 «Атырау-Орал» тас жолының 109-117 шақырым аралығында шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1020 шаршы метр жол жамылғысы қалпына келтірілді. Сонымен қатар, осы бағыттың 5-35 шақырымында және KAZ11 «Доссор-Кұлсары-Ақтау» тас жолының 36-39, 42-48, 69-74 және 93-150 шақырым аралығында  шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізіліп, жалпы 1644 шаршы метр жол жөнделеді.

Жол бойындағы бағдарлаушы белгілерді жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, KAZ12 «Атырау-Орал» бағытында 5-189 шақырым аралығында шақырымдық белгілер орнатылды.

Ал жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында KAZ09 «Ақтөбе-Қандыағаш-Доссор-Атырау-Құрманғазы» және KAZ11 «Доссор-Кұлсары-Ақтау» бағыттарында жалпы ұзындығы 234 шақырым жолда жол таңбалары жаңартылды.

Бұдан бөлек, KAZ09 «Ақтөбе-Қандыағаш-Доссор-Атырау-Құрманғазы» тас жолында 15 дана ақпараттық панно жаңартылды. Сонымен қатар, KAZ12 «Атырау-Орал» тас жолының 5-35, 35-100 және 100-189 шақырым аралығында 266 дана сигналдық бағаналар ауыстырылып жатыр.

Жол жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Аман ШАМАР