Осы уақыт аралығында федерация өңірдегі баскетбол спортының дамуына зор үлес қосып, халықаралық деңгейдегі спортшыларды шығарды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде өңірде жасөспірімдер, балалар және қыздар арасында баскетбол спортымен 3000-нан астам адам шұғылданады. Олардың қатарында кәсіби баскетбол командасы – «Атырау Барыстары», мемлекеттік бағдарлама аясында тегін жаттығатын балалар, спорт мектептеріндегі үйірмелер мен жеке кәсіпкерлік қолдауы арқылы дайындалатын спортшылар бар.
– Атырау облыстық баскетбол федерациясы және жалпы баскетбол спорты өңірде өте жақсы дамыған және жетістіктері де мол. Спортшылар түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Соңғы жылдардағы «Атырау Барыстары» кәсіби клубының жетістігі – федерацияның жүйелі жұмысының айқын нәтижесі. Бүгінде клубпен қатар қыздар мен жасөспірімдерден құралған командалар да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр, – деді Атырау облыстық баскетбол федерациясының төрағасы Болат Мұхамбетқалиев.
Федерация тек кәсіби емес, әуесқой командалар мен оқушылар арасындағы жарыстарды да жиі ұйымдастырады. Сонымен қатар «Даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 300-ге жуық бала қамтылған. Соңғы жылдары бұл қатарға «Шаңырақ» балалар үйінің тәрбиеленушілері де қосылды. Олар демеушілердің қолдауымен турнирлерге қатысып жүр.
– Баскетболмен айналысып жүргеніме бір жылдай болды. Бұрыннан қызығушылығым бар еді. Әлеуметтік желіден қарап, тамсанып жүретінмін. Баскетбол үйірмесіне қатысуға мүмкіндік бар екенін білген бойда келістім. Алғаш рет былтыр Алматы қаласында жарысқа қатыстық. Ол кезде жаңадан бастаған соң. қиындықтар болды. Қазір Астана қаласында өтетін «Кубок надежды» турниріне дайындалып жатырмыз. Бұл жолы жүлдемен ораламыз деп үміттенемін, – деді қатысушы Нұржан Эрметов.
Айта кетейік, облыстық баскетбол федерациясы 2000 жылы әуесқой баскетбол сүйер жанкүйерлердің бастамасымен құрылған. Биыл 8 мамырда 25 жыл толады. Осыған орай республикалық деңгейде ірі турнирлер ұйымдастыру жоспарланып отыр.