Жұмысшы мамандықтар жылы: атыраулық зейнеткер токарь елді сүйсінтті! (+ФОТО)

Бүгінгі таңда «АтырауНефтеМаш» зауытының өнімдеріне тек отандық емес, сонымен қатар шетелдік мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар да жоғары сұраныс білдіруде. Өндірістік процестің сапалы өтуі білікті жұмысшы кадрлардың арқасында қамтамасыз етілуде. Осында 2000 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Болатқали Жолдасқали зейнетке шықса да, оны басшысы жұмыстан босатқысы кемейді екен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Ол 20 жылдан астам уақыт бойы зауыттың жүрегі саналатын механикалық цехта еңбек етіп келеді. Бес жыл бұрын зейнет жасына жеткенімен, зауыт басшылығы оны еңбек демалысына жіберуге асықпайды, себебі оның тәжірибесі мен кәсібилігін жоғары бағалайды. Өз ісінің шебері Болатқали тек өз жұмысын сапалы атқарып қана қоймай, сондай-ақ өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген немесе жаңадан жұмысқа орналасқан жастармен білгенін аянбай бөліседі.

«Бұрын Атырауда тікұшақ зауыты болған, сол жерде оқу орталығы ашылды. Мен сол жерде оқып, кейін сол жерде токарь болып жұмыс істедім. Кәсіпорын жабылған соң, осы зауытқа орналастым. Биыл зейнетке шыққаныма тура бес жыл болады. Басшылық мені жібермей отыр, бірақ мен оған қуаныштымын, өйткені жұмысым өзіме ұнайды. Цехқа жаңа кадрлар келген кезде, мен оларға өз мамандығымды үйретемін, білімімді жеткіземін. Жастарға токарь мамандығын игеруге кеңес беремін, бұл қазіргі таңда аса қажет мамандық» дейді ол.

«АтырауНефтеМаш» зауытының механикалық цехында барлығы шамамен 30 адам жұмыс істейді, олардың ішінде жиырмаға жуығы осы жерде 20 жылдан астам еңбек етіп келеді.

«Менің еңбек өтілім 40 жылдан асады. Бұл жерде 1987 жылдан бері жұмыс істеймін. Цехымызда жастар аз, көбіне 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер. Жастар бұл жұмысты қиын санайды. Бірақ менің ойымша, егер мамандығыңды жақсы меңгерсең – ол жұмыс қиын емес. Мемлекет басшысының биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау шешімін толық қолдаймын, себебі бұл кадрлар өндірістің, демек, экономиканың дамуы үшін аса маңызды» деп өз пікірімен бөлісті «АтырауНефтеМаш» зауыты механикалық цехының бастығы Марат Сатыбалдиев.

Айта кетейік, «АтырауНефтеМаш» ЖШС – мұнай және газ саласындағы кәсіпорындарға арналған мұнай-өндірістік жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді шығаруға, қызмет көрсетуге тәжірибесі бар, Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыт өнімдері салалық және заманауи стандарттарға толық сай келеді. Өнімнің кең ассортиментінің арқасында «АтырауНефтеМаш» зауыты Қазақстандағы ірі жобаларға өз үлесін қосты. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ