Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония жанындағы «Інжу-Маржан» би ансамблінің 25 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Би өнерінде ойып орын алған іргелі ұжымның ширек ғасырлық концертінде көрермен залды лық толтырып, сүйікті әртістерінің өнерін тамашалауға асыға жиналды.
Кеште ансамбль Айбол Құдайбергеновтің «Ою-өрнек» күйіне қойылған биін, Әбілқайыр Жарасқанның күйіне қойылған «Әсем-қыз», қытай биі «Тянься гүлдері», ұйғыр биі «Жеміс бағында», «Тәжік биі», «Латина», «All that jazz», «Аққулар» шығармаларын, сондай-ақ репертуарға жаңадан қосылған «Сезім толқындары», «Жайық арулары» сияқты 20-ға жуық би қойылымын сахналады. Атап өту керек, аталмыш би қойылымдарының авторлары – хореография саласының білгірлері Алмат Шамшиев, Анель Ислямова, Эльвира Машаева және Зинаида Бисенбаева.
Сонымен бірге, жеке орындауда ансамбль мүшелері Нұргүл Бауыржанова, Гүлжауhар Серік және филармония солистері – Венера Машқалиева, Әсет Әлиев, Айбар Ғаниұлы, Артур Борисенко мен Алиса Құрмет, Тілепберген Сағындықұлы, Арайлым Кисярова, Ізбасар Самиғоллаев, Санжар Қатапов, Мұратбек Жұмашев өнер көрсетті.
Шара соңында филармония басшысы Бақытбек Сартбаев сөз алып, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Гүлвира Тұрақбаеваға және ансамбль мүшелеріне алғыс хаттарын табыс етіп, өнер сүйер көрерменнің атынан ұжымды мерейтойымен құттықтады.
Аман ШАМАР




