Қала әкімі Шәкір Кейкин тұрғындармен кездесіп, қаланың бірқатар аудандарында атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин кезекті көшпелі жиын барысында бірнеше шағын аудан тұрғындарымен кездесіп, қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуымен танысты. Әкімдіктің баспасөз қызметінен білгеніміздей, алдымен Геолог шағын ауданына арнайы барған қала басшысы тұрғындармен және аудан ақсақалдарымен кездесіп, жаңа әлеуметтік нысандардың орнын ақылдаса отырып белгіледі. Бұл шағын ауданда алдағы уақытта өнер орталығы, заманауи саябақ, балабақша мен балалар ойын алаңдары бой көтеретін болады.
Кейін қала әкімі Жұлдыз шағын ауданындағы орталық саябақтың абаттандырылу жұмыстарын көзбен көріп, округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. Жоба аясында мұнда 300-ден астам терек отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта жерді толық дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Авангард және Ақшағала шағын аудандарында салынып жатқан спорттық және ойын алаңдарының сапасына да ерекше назар аударылды. Қала әкімі мердігерге сапалы әрі тиянақты жұмыс атқаруды міндеттеп, үш жылдық кепіл мерзімі барын баса айтты. Ал тұрғындармен кездесу кезінде қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұл алаңдар қала әкімдігі тарапынан қатаң бақылауда тұр.
Сондай-ақ, Азаттық даңғылы бойында орналасқан ескі әрі жарамсыз ойын алаңдарын жаңартуды тапсырып, олардың орнына жаңа, кең және заманауи үлгідегі алаңдар салуды жүктеді. Бұл бастамалар Атырау қаласының келбетін жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып табылады.
Айта кетейік, бүгінде қала бойынша 20-дан астам жаңа ойын және спорт алаңдары бой көтеруде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ