Атырау облысында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. 2025-2029 жылдарға арналған жоба халыққа сапалы коммуналдық қызметтер ұсынуға бағытталған. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының м.а. Жанар Дәрібаева баспасөз мәслихатында баяндады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жобаның мақсаты – энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету, желілердің апаттылығын 20%-ға азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту.
– Бұл жоба – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Атырау облысында бірнеше ірі субъекті жобаның қатысушысы ретінде инфрақұрылымды жаңғыртуға белсене кірісті. Бұл – тек нысандарды емес, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жаңарту, – деді Ж.Дәрібаева.
Айта кетейік, жоба аясында «Атырау жылу желілері» АҚ жылу желілерін кеңейтіп, диаметрін 530 мм-ден 820 мм-ге дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сонымен қатар «Атырау Жарық» ЖШС облыс бойынша 222 шақырым электр желісін жаңартуды жоспарласа, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңартуға бағытталған техникалық жобаларды мақұлдау сатысында.