Атырауда қатты тұрмыстық қалдықтар сақтайтын 18 полигон оңтайландырылмақ

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мемлекет тарапынан «жасыл» инвестицияларды тартуды және қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды ынталандыру мәселелері бойынша отырыс өтті,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шараға Сенат депутаттары, экология, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы, Атырау облысының әкімдігі мен мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өз баяндамасын жасады. Нақтырақ айтқанда, Каспий теңізі және Жайық өзенінің тартылуы, атмосфералық ауаның ластануы, топырақ пен жер асты суларының ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының заңсыз орналасуы мен елді мекендердегі құм көшкінінің көбеюі туралы мәселелерге тоқталды.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының заңсыз орналасуына байланысты оларды қалыпқа келтіру жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Облыс аумағында 2026 жылы қатты тұрмыстық қалдықтар сақтайтын 18 полигон оңтайландырылып, жұмыс істейтін болады. Елді мекендердегі құм көшкінінің көбеюіне қарай соңғы 5 жылдықта Жылыой, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының елді мекендеріндегі 76,5 га аумаққа алдын алу жұмыстары жүргізілді. Ал Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларын тереңдету бағытындағы жоспарлы 150 шақырымның 117-сі атқарылды.

Облыс әкімінің орынбасары М.Мурзиев Атырау облысы бойынша экологияны қалыпқа келтіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы жоспарлы түрде және нәтижелі өтетінін айтты.