Атырау қаласының маңындағы Алмалы ауылында тура тұрғын үй ішінде балалар үш жылдан бері дзюдо спортымен айналысып жүр. Бұл ерекше спорт клубының иесі әрі жаттықтырушысы — 32 жастағы Нұрсұлтан Елжасов. Негізгі мамандығы — инженер, бірақ спорт оның жүрегінен ойып орын алған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Мен бала кезімнен спортпен айналыстым. Бірақ көпшіліктің басынан өтетіндей, есейгенде тіршілік, жұмыс, отбасы пайда болды да, бәрі екінші орынға ығысты. Ал ұлым өсе бастағанда түсіндім: ауылда ешқандай секция жоқ екен, ал жұмыстан кейін қалаға барып-келу қиын — бір жарым сағаттық жол бар. Әсіресе қыста қиын. Сол кезде ой келді: неге өз үйімнен спорт клубын ашпасқа?» дейді Нұрсұлтан.
Міне, бәрі осылай басталды. Алғашқы болып татамиға жаттықтырушының бес жасар ұлы шықты. Одан кейін — жиен, содан соң достары мен көршілерінің балалары. Бүгінде кішігірім залда елуге жуық бала жаттығады. Жазда — ауладағы көлеңкеде, қыста — қайта жабдықталған бөлмеде жаттығады.
«Мен несие алдым, қажетті нәрселерді сатып алып, жұмысқа кірістім. Әрине, бөлме кішігірім, кейде тар болады, бірақ ешкім шағымданбайды. Балалар мықты, сенімді болып өсіп келеді, телефонда бұрынғыдан аз уақыт өткізеді. Әсіресе қуантатыны — жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Біз Алматы, Шымкент, тіпті Ресей, Калмыкияға да жарыстарға барып қайттық. Өз балаларым үшін өте мақтанамын. Олардың арасында алты спорт шеберлігіне кандидат бар, 10 дзюдошы жасөспірімдік разряд алған. Биыл спорт факультетін аяқтап, екінші жоғары білім алдым, алғашқысы – техникалық болатын» деді жаттықтырушы.
Өкінішке орай, ауылдағы спорт инфрақұрылымы көңіл көншітпейді. Мұнда футбол алаңы тек биыл ғана пайда болды. Ал халық саны өсіп келеді, ата-аналар балаларының спортпен айналысқанын жақсы көреді, көшеде бос жүргенін қаламайды.
«Бізге шынымен де ФОК салынса, әртүрлі секциялар ашуға болар еді. Мүмкін, менің балаларымның арасында бокс, еркін күрес сияқты спорттардан болашақ чемпиондар жүрген шығар. Ал әзірге бізде тек дзюдо бар» деп күрсінеді Нұрсұлтан.
Ал ФОК салу туралы ауылдағылар ұзақ уақыттан бері уәде етіп келеді. Тіпті құрылыс үшін жер де бөлінген, бірақ жаттықтырушының айтуынша, құрылысқа қаражат әлі бөлінбеген. Қазір бұл кішігірім үйдегі жаттығу залы ауылдың спортшыларын жинайтын жалғыз орын болып тұр. Спортсүйер жастар ай сайын көбейіп жатыр, бірақ барлығын қабылдап, дзюдо әдістерін үйретуге мүмкіндік жоқ.
Балалардың қалай жаттығып жатқанын мына сілтемеге өтіп көруге болады.
Аман ШАМАР