«Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен өткен ауқымды спорттық додада Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының студенттері бас қосты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл – тек жарыс емес, бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жастардың бірлігін бекемдейтін, рухын көтеретін үлкен шара.
Аталған шараға Атырау қаласынан да бір топ студент қатысып, өңір намысын абыроймен қорғады. Елдің болашағы – жастар екендігін тағы бір мәрте дәлелдеген жастарымыз ұлттық рухты биіктетіп, командалық бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Сайыс нәтижесі бойынша: Садақ ату – 1-орын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Футзал – 1-орын Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, Күрес – 2-орын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Тоғызқұмалақ – 1-орын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Асық ату – 3-орын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті үздіктер қатарынан көрінді.
Аталған жетістіктер үшін білім ордаларының басшыларына «Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалы шын жүректен алғыс білдірді.
Айта кету керек, Атырау облысы атынан қатысқан студенттерді Ақтөбе қаласына «Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша филиал төрағасы Нұртас Байжанов және оның орынбасары Азамат Алибев арнайы бастап апарды. Бұл – жастарға деген сенім мен қолдаудың нақты көрінісі. Ұлттық ойын – ұлттың жаны. Осындай игі бастамалар арқылы жастардың рухы оянып, дәстүрге деген құрметі артып, ел бірлігі мен патриоттық сезімі күшейе түседі.