“Мәңгілік алау – сөнбес оты ерліктің…”

Алдағы Ұлы Жеңіс күніне орай №41 гимназияның оқушылары мен ұстаздары “Мәңгілік алау – сөнбес оты ерліктің…” атты тарихи-танымдық іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бір кездері Кеңес халқына соғыстың басталғанын хабарлаған Юрий Левитанның даусымен ашылған сабақта оқушылар Ұлы Отан соғысы мен халықтың қиын-қыстау кезеңдердегі ерлігі туралы мағлұмат алды.

— Басты мақсатымыз – Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлігін насихаттау, олардың өмір жолын келешек ұрпаққа таныстыру. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мектепішілік айлық іс-шаралар өткізіледі. Осылайша, ерлік көрсеткен бабаларымыз туралы кеңінен сөз қозғамақпыз,- деді ұстаз Гүлшара Қайсағалиева.

Іс-шара барысында суреттермен жұмыс, киноүзіндіге талдау жасау, арт-терапия және әдеби шығармалармен байланыс секілді әдістер қолданылды. 

- Мен “Жас сарбаз” сыныбында көпке үйреніп жүрмін. Соның ішінде саппен жүру, автоматты бөлшектеу-жинау, садақ ату сияқты дағдыларды меңгеріп жатырмыз. Бүгінгі іс-шарада маған сурет салу өте қызықты болды. Біз Боран Нысанбаев атамыздың суретін салып, оның өмірі мен ерлігі туралы әңгімелестік. Көп сұрақ қойылып, білмеген мәліметтерімізді білдік, ал білетіндерімізбен бөлістік,- деді оқушы Нұркен Амангелді. 

Тарихи-танымдық жиында ҚР Ұлттық ұланының 5546 әскери оркестрі өнер көрсетіп, “Жаса, Қазақстан!” флешмобы ұйымдастырылып, әуеге бостандықтың белгісі саналатын ақ көгершіндер ұшырылды. 

Сәуле МАҒАУ