Жұмысшы мамандықтар жылы: атыраулық дәнекерлеушінің бір күні

Атыраудағы «КазКом-С» ЖШС-де жыл сайын 15-ке жуық жас маман өндірістік тәжірибеден өтеді. Олар кейін еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қуанғали Қыдыралиев «КазКом-С» ЖШС-де 2017 жылдан бері дәнекерлеуші болып жұмыс жасайды. Бүгінде көп жылдық еңбек өтілі бар маман кәсіпорынның дамуына үлкен үлес қосып қана қоймай, өз білім-білігін жастарға да үйретуде. Оның тәлімгерлігімен өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері дәнекерлеу ісінің қыр-сырын меңгеріп жүр. 

«Құрылыс саласында жалпы 1979 жылдан бері жұмыс істеймін. «КазКом-С» кәсіпорнына 2017 жылы арматуршы болып орналасып, қазіргі таңда дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрмін. Мұнда еңбек жағдайы жақсы, тегін асхана, жуынатын душ бар. Егер тапсырыстар көп болып, демалыс күндері жұмыс істесек, үстемақы төленеді. Маған ең ұнайтыны – жас мамандарға тәжірибеммен бөлісу мүмкіндігінің болуы. Мен бар білгенімді тәжірибеден өтіп жүрген студенттерге үйретемін. Колледжді аяқтаған түлектерге сапалы тәжірибе ауадай қажет, бұл – олардың болашаққа жолдама билеті. Сол игі үрдістің бір бөлшегі болғаныма қуанамын», – дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, «КазКом-С» кәсіпорны өңірде дуальды білім беру жүйесін алғашқылардың бірі болып қолдаған. Бұл бағытта олар облыстық кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Студенттерге жыл сайын өндірістік тәжірибе ұйымдастырудан бөлек, мектеп оқушыларына арналған бірлескен кәсіби бағдарлау шараларына да белсенді қатысады. Кәсіпорын басшылығы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жөніндегі облыстық комиссия құрамына, сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы адами капиталды дамыту жөніндегі салалық кеңес құрамына кіреді.

«Ағымдағы жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанына өте қуаныштымыз. Бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет. Себебі, кәсіпорындардың жұмысы осы кадрлардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Дуальды білім беру жүйесі бойынша «КазКом-С» алғашқы жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл жүйе жұмыс берушілер үшін де, жас мамандар үшін де өте маңызды. Жыл сайын бізде 3-5 айлық өндірістік тәжірибеден 15-ке жуық колледж студенті өтеді. Кейін олар қаласа, бізде жұмысын жалғастыра алады немесе басқа жерге жұмысқа орналасады», – деді «КазКом-С» ЖШС директоры Светлана Долгова.

Айта кетейік, темірбетон бұйымдарын өндіретін компания – «КазКом-С» ЖШС 2004 жылы Атырау облысындағы құрылыс саласы кәсіпорындарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында ашылған. Бүгінде мұнда елу адам еңбек етеді. Кәсіпорын 200-ден астам өнім түрін шығарады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ