Мақатта дзюдодан дәстүрлі республикалық турнир өтті

Мақат ауданының спорт ардагері Аманқос Өтеуовке арналған турнирге Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, БҚО және Атырау облыстарынан 2010-2011, 2012-2013 жылғы 400 жасөспірім қатысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

- Ауданымызда түрлі спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылып, жас спортшыларымыз өз шеберліктерін көрсетіп жүр. Бұл тек жарыс емес, жастарды салауатты өмір салтына баулудың, олардың бойында патриоттық рух қалыптастырудың нақты көрінісі,- деді Ә.Қаржауова.

Тартысты сайыс екі күнге созылып, Доссор, Қызылқоға, Сағыз, Мақат және Атырау спортшылары 1-ші орынды қанжығалап, үздік нәтиже көрсетті.

Жиын соңында спорт ардагерінің жанұясы қатысушыларға өз тілектерін білдіріп, жеңімпаздарға диплом мен медаль табыстады.

Айта кетейік, турнир 2004 жылы бастау алған. Алғашында самбо күресінен ұйымдастырылса, 2005 жылдан бері дзюдодан өтіп келеді.