Атырауда өрттен қаза тапқандар 37,5%-ға төмендеген

2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша облыста 74 өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2024 жылдың 1 қазанынан 2025 жылдың 15 сәуіріне дейінгі аралықты қамтыған жылыту маусымының қорытындысы бойынша облыста 74 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Бағдат Абдуллин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлім етті.

- Бұл статистика өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 12%-ға жоғары. Дегенмен, қаза тапқандардың 37,5%-ға төмендегені көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған шаралардың нәтижелілігін аңғартады. Жарақаттанғандар саны да екі есеге қысқарып, екі адамды құрады, - деді Б.Абдуллин. 

Басқарма басшысының сөзінше, қызыл жалынның негізгі себептеріне электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ отпен абайсыз жұмыс істеу кіреді. Жеке тұрғын үй секторында 26 өрт оқиғасы есепке алынса, көппәтерлі тұрғын үйлерде 11 жағдай тіркелген. 

Өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, Полиция департаменті, еріктілер және Жастар ресурстық орталығының өкілдері бірлесіп 36 мыңнан астам үйді аралап, 53 мыңға жуық тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 120-дан астам әлеуметтік осал отбасына түтін датчиктері орнатылды. Айта кету керек, 2018 жылдан бері облыс бойынша барлығы 1 161 датчик қойылған.

- Жылыту маусымы кезіндегі кез келген өрт оқиғасы – ескерту. Біз әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу шараларын күшейтіп келеміз. Қайғылы жағдайлар санының азаюы осы атқарылған жұмыстың нәтижесі. Дегенмен тұрғындарға әлі де жауапкершілік пен сақтықты арттыру қажет. Әсіресе, электр құралдарын пайдалану мен табиғи газ жүйесіне ұқыпты қарау басты назарда болуы тиіс. Біз бұл бағыттағы ақпараттық және практикалық жұмысты жалғастырамыз, - деді басқарма басшысы.