2021 жылы әкімнің қаулысымен талап қоюшы А.-ға жеке тұрғын үй салу үшін үш жыл мерзімге уақытша пайдалануға жер учаскесі берілген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
2021 жылы уақытша жер пайдалану құқығын беретін мемлекеттік акт берілген. 2023 жылы салынған объектінің актісі бекітіліп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-да тіркелген. 2024 жылы талап қоюшы А. әкімге жеке тұрғын үй құрылысының аяқталуына байланысты жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы өтінішпен жүгінген. Талап қоюшы А.-ның өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды.
Негізі: тұрғын үй инженерлік және коммуналдық жабдықтау көздеріне қосылмаған. ӘРПК-нің 13-бабына сәйкес, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады. Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
Алайда, әкім Жер кодексінің 44-2, 65-баптарының нормаларын бұзғаны, талап қоюшы А.-ның жеке тұрғын үй құрылысын аяқтау туралы әрекеттері ескерілмегені, салынған объектіні қабылдау актісі КЕАҚ-да бекітілгені және тіркелгені анықталды, осыған байланысты талап қоюшының өтінішінен негізсіз бас тартылған.
Сот сенім құқығы қағидасын басшылыққа ала отырып, талап қоюшының жерді пайдалану құқығы заңсыз шектелген деген қорытындыға келіп, талап қоюшы А.-ның бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіріп, жауапкерді талап қоюшыға жер учаскесіне жеке меншік құқығын беруге міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com