Ғашықтар күнінде Атырауда қанша жұп неке қиғаны белгілі болды

Атырау облысында 15 сәуір – Ғашықтар күнінде 13 жұп неке қиды, деп хабарлайды  AtyrauPress тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалы АХАТ бөлімінің басшысы Алмагүл Төремұратованың айтуынша, сол күні неке қиюға 13 өтініш түскен.

– Қазақстанда некені тіркеу туралы өтінішті АХАТ бөлімдері арқылы, электрондық үкімет порталы және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы беруге болады. Мемлекеттік органдар өтінішті бір жұмыс күні ішінде қарап, 15 күннен кейін таңдалған АХАТ бөлімінде неке қию күнін белгілейді. Егер неке қию күні демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, ол автоматты түрде келесі жұмыс күніне ауыстырылады, – деді Алмагүл Төреұратова.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, 15 сәуір – Ғашықтар күнінде Қазақстан бойынша 500-ден астам жұп неке қиған. Ең көп неке тіркелген өңірлер – Астана, Алматы және Түркістан облысы болды.

Қазақстанда 2011 жылдан бастап 15 сәуір – Ғашықтар күні ретінде аталып өтеді. Бұл күннің символдары – ұлттық лирикалық эпос кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ