«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде «Polytech Digital Week» апталығы басталды. Шараның алғашқы күні техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушыларына арналған «Цифрлық дағдылар мектебі» атты тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылып, Shining 3D лазерлік сканерінің таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Басты мақсат – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мамандарды даярлау, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру.
- Бүгінгі таңда жасанды интеллект тек ІT мамандықтары емес, педагогтердің де көмекшісіне айналып отыр. Осы тақырыпта тәжірибе алмасып, студенттерге пайдасы мен оны қолдану жолдарын талқыладық. Сонымен қатар балаларға арналған кабинеттер мен лабораторияларымызды көрсетіп, сол бағытта жасалып жатқан жұмыстармен таныстырдық, - дейді Атырау политехникалық жоғары колледжінің директоры Бағыт Шеркешбаева.
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің түлегі, «CAD инженерлік графика» компетенциясының бас сарапшысы Ерасыл Бағытжанов Shining 3D лазерлік сканерінің жұмысын түсіндіріп өтті.
- Сканердің қызметі — физикалық денелерді цифрлап, компьютер арқылы 3D үлгісін жасау. Бұл технология қажетті деталь сатылымда болмаған жағдайда сканердің көмегімен оны цифрлап, кейін 3D принер арқылы қайта шығарып алуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Айта кетейік, апталық алдағы үш күнге жалғасады және әр күні оқушылар мен студенттер бірнеше бағыт бойынша шеберлік сыныптарымен қамтылады.