Қазақстанның Халық артисі және Еңбек Ері, қазақтың көрнекті актері, режиссері және театр өнерінің майталманы Асанәлі Әшімовтің көркемдік жетекшілігіндегі «ЖАҢА ҒАСЫР» театры Атырауға гастрольдік сапармен келді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қадірлі қонақты облыстық мәдениет басқармасының ұжымы әуежайдан құрмет-қошеметпен күтіп алды. Содан кейін аңыз актер жуырда ғана Жайық жағалауынан жайлы орнын тапқан Жастар театрының шаңырағына қарай бет алды. Театр табалдырығынан аттамас бұрын ол алдымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өзінің атаулы ағашын отырғызды. Ондағы мақсат — еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желектер санын арттыру, қоғамның табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін күшейту және экологиялық мәдениетті дамыту. Осындай жас шыбық секілді соңынан еріп келе жатқан жас дарын иелеріне ол өмір мен өнердің дамылсыз дауылдары мен жауындарына төтеп беріп, халықтың шынайы шарапатына бөленсін деген тілегін білдірді.
Сондай-ақ, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында Асанәлі Әшімұлы бірнеше кітапқа өз қолтаңбасын қалдырып, Жастар театрының музейіне сыйға тартты.
Одан әрі ол жалындаған жастардың өнерін тамашалап, шығармашылық шабыт тіледі.
«Мен Атырауға қонақ емеспін. Бұл киелі топырақта талай табан тоздырдым. Атырауда жастар театры бар екенін де жақсы білемін. Қадамдары құтты болсын! Осы театрдан айырылмаңыздар дегім келеді. Ғимараты да жақсы, оны кезінде немістер тұрғызған екен. Осы сахнада талай талантты өнерпаздар өнер көрсеткен, яғни, бұл аруақ қонған жер десе де болатындай. Осының өзі жас актерларға үлкен рух береді. Шымылдықтың арғы жағында қызғаныштық бақталастық емес, шығармашылық бәсекелестік қызып тұрса, сонда актер өседі, өнеді, өркендейді. Актер – ұлы мамандық, оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Оның екі өмірі бар, бірі сахнада, екіншісі оның сыртында. Сондықтан да болар, олар ұзақ өмір сүреді. Байқасаңыздар, кезінде көбісінің жасы жүзге жеткен. Тағы бір айтарым, өнер ұжымына тұрақты түрде бір басшы жетекшілік жасағаны жақсы, жиі ауыса бергені дұрыс емес. Біз де жеті жыл бұрын театр ашқанбыз. Біреулер орталықтан отау тігіп береміз деп уәде берген, енді соны күтіп жүрміз» деген атақты актер жастарға батасын берді.
Шара соңында аңыз актер тағдырын театрмен байланыстырған бірқатар өнер өкілдеріне өз қолымен Алғыс хат табыстады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: автор және облыстық мәдениет басқармасы