Атыраулық самбошылар Азия чемпионатынан жүлделі оралды

2025 жылдың 14-20 сәуірі аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен самбо күресінен жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында атыраулық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, бір алтын және бір қола медаль иеленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Байрақты додаға Азияның 21 елінен 500-дей адам қатысты. Жасөспірімдер арасында 58 келі салмақ дәрежесінде күрескен Мейрамбек Мирамғали барлық қарсыласынан басым түсіп, чемпион атанды. Ал кіші жасөспірімдер арасында +72 келі салмақта белдескен Арайлым Таңатарқызы қола жүлдеге ие болды.

– Біздің облыстан жарысқа қатысқан екі спортшының екеуі де абыроймен оралды. Чемпион Мейрамбек Мирамғали үш кездесу өткізіп, жақсы дайындықпен барғанын көрсетсе, Арайлым Таңатарқызы да осал еместігін байқатты. Жалпы нәтиже жаман емес, балалар жақсы күресті, – дейді Атырау облысының жастар арасындағы самбо күресінен аға жаттықтырушы Әзімов Асланбек.

Үш қарсыласының үшеуінен басым түскен Мейрамбек Мирамғали жарыс барысында кездескен қиындықтарға тоқталды.

– Бірінші белдесуде Өзбекстан палуанымен, екіншісінде Моңғолия палуанымен, ал финалда Тәжікстан спортшысымен күрестім. Әсіресе, финалдық кездесу оңайға соққан жоқ. Жарыс кезінде психологиялық қысым да болды. Бірақ бапкерлердің қолдауы мен өзімнің дайындығымның арқасында жеңіске жеттім. Осы жетістікке жету жолында қолдау көрсеткен Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, сондай-ақ Атырау облыстық самбо федерациясына үлкен алғысымды білдіремін. Ендігі мақсатым – әлем чемпионы атану,- дейді жас чемпион.

Айта кетейік, Мейрамбек Мирамғалиді алдағы уақытта Индонезияда өтетін халықаралық деңгейдегі ірі жарыс күтіп тұр. Бапкерлер мен спортшының айтуынша, бұл додада да жүлде алу үшін дайындық жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр.