Жанаталапта дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Атырау облысы Атырау қаласына қарасты Жанаталап ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қаңтар айында басталған, ал оны 2025 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр. Спорт кешені – заманауи екі қабатты ғимарат, бір уақытта 150 адамға дейін қабылдай алады.

— Мұнда спортпен айналысу мен салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалады. Ішкі кеңістікте ерлер мен әйелдерге арналған жаттығу залдары, күрес және бокс залдары, сондай-ақ баскетбол мен волейбол жаттығуларына арналған әмбебап зал қарастырылған, – деді жоба үйлестірушісі Ануар Есіркепов.

Жалпы өткізу қабілеті – бір ауысымда 135 адам:

•    Әмбебап ойын залы – 78 адамға дейін;
•    Күрес залы – 17 адамға дейін;
•    Бокс залы – 16 адамға дейін;
•    Жаттығу залы – 24 адамға дейін.

Ішкі инфрақұрылымнан бөлек, кешеннің айналасын абаттандыру қарастырылған. Аулада жүгіру жолы, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ далада жаттығу құралдары орналасатын болады.

Қазіргі таңда кешен аумағында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жаңа спорт кешені — бұқаралық спортты дамытуға, халық денсаулығын нығайтуға және жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болады.

Аман ШАМАР