ATPress.kz. 28 маусым. Атырауда «Business Lady Qazaqstan» жобасының іріктеу кезеңі өтті. «Аталған жоба Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылуда», деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқаудың мұнайлы өлкедегі іріктеу кезеңіне жеті кәсіпкер әйел қатысты. Олардың қатарында ресторатор, сұлулық салонының басшысы, диетолог, балалар шығармашылық орталығы, оңалту орталығы және фитнес орталығының басшылары бар. Қатысушылар таныстыру, сұрақ-жауап және шығармашылық кезеңдері бойынша сынға түсті.
«Байқаудың мақсаты - әр өңірде жұмыс орнын құрып, салық төлеп отырған іскер әйелдерді насихаттау. Олар өз-өздерін ірі байқауларда көрсетіп, халық ықыласына бөленуге лайықты. Байқауды болашақта дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар», - дейді жоба жетекшісі Сәуле Қайсар.
Жарыс қорытындысы бойынша, іріктеу кезеңінде гран-приді «Сәулем-ай» интеллектуалды жан-жақты дамыту орталығының директоры Сәуле Ерниязова жеңіп алды. Енді, Сәуле жыл соңында Астана қаласында өтетін финалда Атырау облысының намысын қорғайды. Байқаудың басты жүлделерінің бірі – Лондонға жолдама. Сонымен қатар, демеушілер көмегімен финалдық кезеңнің жүлде қоры әлі де толығуда.
Қазіргі таңда облыста 23 мың әйел кәсіпкер тіркелген.
Бек Әзберген