2025 жылғы 13 сәуір күні сағат 12:00 шамасында Атырау қаласының тұрындары «Suzuki» автокөлігімен мал іздеуге шығып, қараңғы мезгілде кері қайтатын жолды таба алмай адасқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, 14 сәуірде сағат 6:26-да жолаушылардың бірі құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Шақырту түскен бойда аталған департамент құтқарушылары жол талғамайтын ТРЭКОЛ автокөлігімен іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, сағат 8:55-те Еркінқала ауылы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағынан адасқан бес азаматты тауып, Атырау қаласына эвакуациялады. Жолаушылардың жағдайы бірқалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына екі құтқарушы, бір техника жұмылдырылды.
Амандық АБДОЛ