Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру, сондай – ақ маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысының барысын және уақтылы аяқталуын бақылау мақсатында Қызылқоға ауданының 400 орындық мәдениет үйінің ұзақ құрылысына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мұқыр ауылдық округінде 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2020 жылы басталды. Құрылысқа 2 мердігер тартылды. Алайда, екеуі де жұмысты аяқтап, мерзімінде тапсыра алмады.
Аталған объектінің проблемасы бірінші мердігердің шартта көзделген міндеттерді тиісті деңгейде орындамай, қаржылық проблемаларға байланысты құрылысты тастап кетуінде, ал екінші мердігермен жасалған шарттың заңдылығы тұрғысынан сот процесі жүргізілуінде.
Бүгінгі таңда осы құрылыс жобасына түзетулермен 2024 жылдың 5 шілдесі «Жиенбай» ЖШС жаңа мердігерлік ұйымымен мемлекеттік сатып алу шарты жасалды.
Құрылыс барысын бақылау үшін объектіге жұмыс сапарымен Департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин барды.
Стратегиялық маңызды нысандардың құрылысы ұзаққа созылған процеске айналмауы керек. Біз жобаларды іске асыруды жеделдету және олардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Сондай ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ерекше назар аударамыз - деп атап өтті Нұрлан Жахин.
Мониторинг барысында құрылыс жұмыстары қайта басталғаны, объект 27% - ға (бағананы құю жұмыстары аяқталды, ПМ1 еден плитасының қалыптарын монтаждау процесі жүріп жатыр) аяқталғаны анықталды.
Мониторинг қорытындысы бойынша Департаментпен тапсырыс берушілер, мердігерлер және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, жұмыстардың мерзімдері мен сапасына бақылауды күшейту, әкімшілік кедергілерді жою, сондай-ақ, қоғамдық бақылау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілерді тарту бойынша ұсыныстар берілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу негізгі проблемаларды анықтауға және оларды шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.