Ол – мақаттық мұнайшы Айболат Капаков, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Астана қаласында 2025 жылы Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануына орай еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру және “Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс” атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың арасында “Үздік еңбек адамы” республикалық байқауы өткен болатын. Мақат ауданы әкімдігінен білгеніміздей, аталған байқауда бақ сынаған аудандық мұнай саласында елеулі қызмет етіп жүрген Айболат Капаков жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Айболат Капаков Доссормұнайгаз өндіру басқармасында 30 жылдан бері арнаулы көлік керуенінің жүргізушісі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан білікті маман. Ол өзінің табанды еңбегі мен біліктілігінің арқасында зор құрметке ие болып, бүгінде “Үздік еңбек адамы” төсбелгісіне ие болды. Жалпы, мұнайшылар адал еңбегімен елдің экономикалық әлеуетін дамытуға ғана емес, өңірлердің әл-ауқатын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осындай, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар арқалы ұлт сапасы артып, еліміздің экономикалық әлеуеті одан әрі дами түсері анық.
Амандық АБДОЛ