Атыраулық ұстаз Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" Мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында өткен І Республикалық "Серпер" ұлттық өнер байқауында “Жетіген” номинациясы бойынша ІІ орынды жеңіп алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Астанада 20 сәуір күні «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында I Республикалық «Серпер» ұлттық өнер байқауының жеңімпаздары анықталды. Олардың ішінде Индер балалар өнер мектебінің жетіген класының мұғалімі Данагүл Ғинаятова да бар. Көрермендерді айрықша талантымен тәнті еткен жерлесіміз қазылар алқасының көңілінен шығып, «Жетіген» аталымы бойынша екінші орынды қанжығасына байлады!
Айта кетейік, аталған іс-шара еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп отыр. Байқау ұлттық өнерді ұлықтап, жас таланттарды анықтап, төл өнерді дәріптеуге бағытталған. Өнер додасына алты номинация бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен жетпістен астам үміткерден өтінім қабылданды. Байқаудың бірінші кезеңі онлайн форматта ұйымдастырылып, қатысушылардың бейнематериалдары іріктеліп, 42 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Үміткерлер қазылар алқасының алдында өнер көрсетіп, өз шеберліктерін паш етті. Қазылар шешімімен әр номинация бойынша жүзден жүйрік шыққан жастар Гала-концерт аясында марапатталды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Домбыра» номинациясы бойынша 1 орынды Айшолпан Қасымова, 2 орынды Ақбөкен Темір, 3 орынды Мейірбек Әзімбаев иеленді. Орындаушылық шеберлігі үшін Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы диплом Нұрдәулет Сағатбекке табысталды. «Қобыз» номинациясында 1 орынды Айгерим Ахметжанова, 2 орынды Анарбек Мырзабай, 3 орынды Жалғас Нұрашев жеңіп алды. «Сыбызғы» номинациясы бойынша 1 орын Аслан Гумаро, 2 орын Асқат Сағат, 3 орын Ерлан Садуға берілді. «Шертер» номинациясында Уали Мұратқазин 1, Ерік Шамшиден 2, Тұрар Жарылхапов 3 орынды иеленді. Сонымен қатар, халық күйлерін шебер орындағаны үшін Жарқын Шәкәрім атындағы арнайы дипломды Арон Жұбанғалиев жеңіп алды. «Жетіген» номинациясы бойынша 1 орын Әйгерім Караменова, 2 орын Данагүл Ғинаятова, 3 орын Акжүніс Мырзагелдинаға бұйырды. Ал, халық әндерін жетіген аспабына шебер өңдегені үшін Болат Сарыбаев атындағы арнайы диплом Назерке Темірбековаға табысталды. Соңғысы, «Прима қобыз» номинациясында Ажар Хуан – 1, Гүлдара Нариман – 2, Алина Ауесхан – 3 орын иеленді. Меруерт Кәленбаева атындағы арнайы диплом Нұрайлым Әбдіге табысталды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ