Атыраулық жүргізуші ыңғайсыз жағдайға түсіп қалды...

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Сотпен анықталғандай, азамат С. 2025 жылдың наурыз айында Атырау қаласында «LADA 2114» көлік құралын өзге көлік құралына тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін орнатқан күйінде басқарған.

С.-ның әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, алу хаттамасымен, сауалнама хаттамасымен және басқа да іс құжаттармен расталады.

ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігінің санкциясында 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 1 жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.

Сот қаулысымен С. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 2 тәулік қамаққа алу және 1 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы қолданылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ