Атырауда әлеуметтік кәсіпкер табысқа кенеліп отыр (+ФОТО)

Әлеуметтік кәсіпкер Әсел Ондашева 2017 жылы Құлсары қаласында «Болашақ» оқу орталығын ашқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол уақытта аудан орталығында оқу орталығы деген атымен болмаған еді. Кейіпкеріміз жергілікті мектеп оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, жоғары нәтижеге қол жеткізгенін айтады. Содан сол кәсібін кейін Атырау қаласында жалғастыруды жөн көріпті.

– Менің облыс орталығына көшіп келгеніме биыл бес жыл болды. Нұрсая ықшамауданынан өз алдымызға ғимарат алып, осында тұрақтап қалдық. Шүкір, әлеуметтік кәсіптің нәсібін көріп, бүгінде алты адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Мұнда мен физика, математика, химия және ағылшын пәндері бойынша 120 балаға сабақ беремін. Ағылшын тілінің курстарын жергілікті және шетелдік мұғалімдер жүргізеді. Кәсіпкер ретінде мемлекет тарапынан қолдау есебінде тегін семинар-тренинг пен кездесулерге қатысамыз, мықты мамандар мен үлкен бизнес иелерінен ақыл-кеңестер мен мотивациялық күш-қуат аламыз. Ал, өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, орталықтың техникалық базасын жаңарттым. Яғни, қажетті ноутбук, лед-экран сияқты құрал-жабдықтарды сатып алдым, - дейді Әсел.

Бүгінде кәсіпкер қазіргі ғимаратының жанынан тағы екіншісін сатып алып отыр. Енді екеуін қосқысы келеді екен. Сөйтіп, алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, тағы төрт адамды жұмыспен қамтып, бала санын 300-ге жеткізуді көздеп отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ