«Ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын» деген бабалар ұлағатында үлкен мән бар. Шекара асқан шетелдіктер елімізге ағылған сайын оларға қатысты мәселелер де аз туындамайды, деп хабарлайды "AtyrauPress".
Десек те өз Отанын аңсап, туған топырағына қайта оралған қандастар, жаңа өмір іздеп келген өзге ұлттың өкілдері – ел үшін бауырға басар бауыр, қатарға қосар тұрғындар. Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Бисекенов "Атырау" газетінің тілшісі Майра Оразғалиеваға берген сұхбатында көші-қон саясатының негізгі бағыттары, саладағы жаңашылдықтар туралы айтып берді.
– Нұрлан Өтемісұлы, әңгімені басқарманың негізгі міндетінен бастасаңыз…
– Иә, көші-қон қызметінің негізгі міндеттері – шетелдіктердің құқықтық мәртебесін реттеу, заңсыз көші-қонға қарсы күрес жүргізу, азаматтық алу және жоғалту рәсімдерін орындау, шетел азаматтарына виза беру, тұрақты тұруға рұқсаттар беру, жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу сынды маңызды жұмыстарды қамтиды.
– Қазақта «Елге ел қосылса – құт» деген сөз бар. Осы орайда еліміздегі азаматтық алу тәртібі мен көші-қон үдерістері қандай?
– Қазақстан – кең байтақ, қонақжай ел ғой. Сондықтан оны өз Отаны ретінде таңдаған адамдардың қатары көбейіп келеді.
Қазақстан азаматтығына қабылдау жалпы және жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылады. Жеңілдетілген тәртіп этникалық қазақтарға, Қазақстан азаматтарымен некеде тұрған шетелдіктерге, мемлекетаралық (Ресей, Беларусь, Қырғызстан) келісімге сай азаматтық алуға құқылы тұлғаларға қолданылады.
Ал қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың Қазақстанда тұрақты тұруға қалып, бірден азаматтық алуға мүмкіндігі бар. Қалған тұлғалар алдыменен тұрақты тұруға құжат рәсімдейді, ықтиярхат алған соң азаматтыққа құжат тапсыра алады. Көрсетілген санаттағы тұлғалардан бөлек адамдар жалпы тәртіпте қабылданады. Бұл санаттағы тұлғалардың құжаттары жергілікті көші-қон қызмет бөліністерінде қабылданып, кейін Ішкі істер министрлігіне жолданады, әрі қарай Президент Жарлығымен шешім шығарылады. Жарлық жылына екі рет шығарылатынын айта кетейін.
Өткен жылғы қазан айындағы өзгерістерге байланысты жалпы тәртіппен қабылданатын тұлғалар тізбеде көрсетілген құжаттармен қоса қазақ тілін білетінін және Қазақстан тарихынан тесттен өткенін растайтын сертификат тапсырады. Тест тоқсанына бір рет өтеді.
– Қазақ тілінен тестілеу қалай ұйымдастырылады және оның мақсаты қандай?
– Қазақ тілін меңгеру азаматтық алу үшін маңызды. Мемлекеттік тіл – елдің айнасы, оны білу – әрбір азаматтың парызы емес пе? Қазақстан азаматтығын алғысы келетін әрбір адам мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде білуі тиіс. Бұл талап қоғамға бейімделуге, адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға көмектеседі.
Тест бірнеше бөлімнен тұрады. Күнделікті тұрмыстық деңгейде қазақ тілінде сөйлесе алатын адамның бұл сынақтан сүрінбей өтуіне мүмкіндігі бар. Жалпы 100 сұрақ, соның 60-ына жауап берсе, сынақты сәтті тапсырған болып есептеледі.
– Қазақстанда тұрақтап қалғысы келетіндер үшін тағы қандай негізгі талаптар бар?
– Орынды сұрақ. Елімізге шын ниетімен көшіп келіп, осында өмір сүргісі келетін адам, ең алдымен, Қазақстанның заңдарын құрметтеуі керек. Азаматтық алу үшін өтініш беруші кемінде бес жыл тұрақты тұруы тиіс. Ал егер жақын туыстары Қазақстанның азаматы болса, олар 3 жылдан кейін азаматтыққа тапсыра алады (егер ол қандас болмаса, халықаралық келісімдерден және жоғарыда көрсетілген санаттардан басқасы).
Біз кез-келген үміткердің елімізге шынайы ықыласпен келіп, қоғамға пайдасын тигізуге дайын болғанын қалаймыз.
– Ал тұрғын елден көшіп кеткісі келген жағдайда қандай құжат рәсімдейді?
– Қазақстаннан тыс елге тұрақты тұруға шығу үшін рұқсат рәсімдеудің өз тәртібі бар. Ол үшін тұрғын тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгініп, құжаттарын тапсырады. Орталық құжаттарды көші-қон қызметіне жолдайды, ал біз оларды заңнамаға сәйкес 21 күнтізбелік күн ішінде қараймыз. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу процесі жүргізіледі.
Соңғы жылдары шетелге тұрақты тұруға кететін тұрғындардың саны азайды. 2023 жылы 127 адам, 2024 жылы 94 адам, ал биылғы алғашқы тоқсанда 13 адам ғана шетелге тұрақты тұру үшін шығуға рұқсат алды. Олардың басым бөлігі Ресей мен Еуропа елдерін таңдаған.
– Былтыр облысқа келген және көшіп кеткен адамдардың саны қанша болды?
– Көші-қон – бұл статистика мен сандар ғана емес, ол – әр тағдырдың қилы жолы, әр адамның үміті мен арманы. Көші-қон қызметі басқармасы 13 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Былтыр 225 мыңнан астам мемлекеттік қызмет ұсынылса, биылғы алғашқы үш айда 56 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға көп. Қызмет көрсетудің көлемі халықтың сұранысы мен түрлі факторларға байланысты жыл сайын өзгеріп отырады.
– Мемлекеттік қызметтердің неше пайызы автоматтандырылған?
– Мемлекеттік қызметтердің 97 пайызы электронды форматқа көшірілген. Бұрын құжаттар қағаз түрінде рәсімделіп, поштамен жіберілсе, бүгінде барлық процестер электронды түрде жүргізіледі. Бұрын жеке куәліктер мен тұру ықтиярхаттарын рәсімдеу қағаз түрінде жүргізілген еді, бүгінде бұл процестер толығымен автоматтандырылып отыр.
Сонымен қатар тұрғындар қосымша ақы төлеп, жедел құжат рәсімдеу қызметін пайдалана алады. Яғни, бұрынғыдай айлап күтудің қажеті жоқ, санаулы күнде дайын құжатты алуларына мүмкіндіктері бар.
– Көші-қон саласында қандай мәселелер өзекті болып тұр?
– «Қай елде жүрсең, сол елдің заңына бағын» демекші, басты мәселенің бірі – заңсыз көші-қон. Біз бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп, заңсыз келген адамдарды анықтау, еңбек мигранттарын заңдастыру шараларын күн тәртібінен түсірмейміз.
Ал қандастарға қолдау көрсету мәселесі басты орында тұр. Тарихи Отанына оралған ағайынға мүмкіндігінше қолдаулар жасалуда.
Жуырда республика бойынша «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібін бұзу фактілерін анықтау.
Іс-шараның бір күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 100-ден астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 22 азаматына әкімшілік хаттама толтырылды.
Елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған. Қазақстан азаматтығын алған тұлғалар 30 күн ішінде бұрынғы елінің паспортын тапсыруға міндетті. Бұл талаптар басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған Қазақстан тұрғындарына да қатысты.
Заңға бағынбаған тұлғаға әкімшілік жауапкершілік, айыппұл немесе елден тысқары шығару қарастырылған. Мәселен, жуырда облыста қос азаматтығы бар тұрғынға 140 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ол Қазақстан Республикасының тумасы және 2002 жылы алғаш рет Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдеген. Алайда 2023 жылы Ресейдің азаматтығын қабылдап, сол жылдың шілде айында Ресей азаматтығын куәландыратын құжаттарын алған. Бұл – еліміздегі көші-қон заңнамасының қатаң сақталуын бақылау жұмыстарының нәтижесі.
Уақыт талабы бойынша көші-қон процестері де жаңарып, жетілдірілуде. Азаматтық алу өтініштерін қарау мерзімі қысқартылып, құжаттарды рәсімдеу жүйесі цифрландырылуда. Қандастар үшін жеңілдетілген тәртіп енгізілді. Мұның бәрі елімізге көшіп келген адамдардың қоғамға тезірек сіңісуіне мүмкіндік береді.
– Көші-қон саясаты – ел дамуының маңызды бір бөлігі. Осы саладағы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!
– Рақмет! Біздің мақсатымыз – әрбір адамның өз орнын тауып, елге қызмет етуіне мүмкіндік жасау. «Елің қуатты болмай, құтың тұрақты болмайды» демекші, елге келген әрбір адам өзін осы кең байтақ даланың бір бөлшегі ретінде сезініп, туған жерін гүлдендіруге үлес қоса алса, көші-қон саясатының мақсаты да орындалғаны емес пе?!