Атырауда жоғалған бала табылды

10 сәуір мен 6 мамыр аралығында кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұрмысы төмен отбасыларды анықтау, балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Атырау облысында республикалық «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Іс-шара барысында балалардың қоғамдық орындарда және қала ішінде жүріп-тұру кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.

Мәселен, 10 сәуір күні сағат 18:29-да 102 нөміріне қала тұрғыны 6 жасар ұлының жоғалып кеткені жөнінде хабарласқан. Анасының айтуынша, бала балабақшадан үйге қайтып келе жатқанда Азаттық даңғылы бойында көзден таса болып кеткен.

Іздестіру жұмыстарына бірден ювеналды полиция мен Жедел басқару орталығының қызметкерлері жұмылдырылды. Ювеналды полиция инспекторы полиция капитаны Нұрмұхан Ұзақбаев пен видеоинспектор капитан Жандос Ерғалиев бейнекамера жазбаларын тексеріп, жақын маңдағы аумақты қарап шыққан. Полицейлердің кәсіби және үйлесімді жұмысының арқасында баланың жүрген жері тез анықталып, ол аман-есен анасына қайтарылды.

Осы ретте, полицейлер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда және ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмай, барынша мұқият болуға шақырады.

Аман ШАМАР