Атырауда "ең қымбат" гүлдер пайда болды

Елімізідң "мұнайлы астанасы" көздің жауын алар түрлі түске бөленді: қырда қызғалдақ гүлдей бастады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Табиғаттың көктемгі сыйын алғашқылардың бірі болып «Қайнармұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері Қызылқоға ауданында байқап, редакциямызға суретін жолдады. Олар мұнайшылардің ізі жатқан қыр даланы керемет көрініске бөлеп тұр.

Экологтардың айтуынша, жабайы қызғалдақтар — сирек кездесетін әрі мемлекетпен қорғалатын өсімдіктер. Олар тек белгілі аймақтарда ғана өседі. Бұл гүлдер табиғаттың нәзік сұлулығын еске салып, оны сақтаудың маңыздылығын көрсетіп тұрғандай әсер береді. 

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Шымкент қаласының тұрғыны Ордабасы ауданына қарасты Ұялыжар ауылдық округіндегі далада өскен жабайы қызғалдақтардан гүл шоғын жинаған. Бұл сәттің бейнежазбасы қазнетке кеңінен тарап кетті. Бұл өсімдіктер Қызыл кітапқа енгендіктен, ол шамамен 12 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Амандық АБДОЛ