Атыраудың ең алып адамы киноға түсуді армандайды

Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылының 30 жастағы тұрғыны Парасат Нұрғалиев Атырау жұртшылығына ұзын бойымен кеңінен танымал. Бүгінде бойы 2 метр 15 сантиметр, салмағы 150 келіге жеткен азамат кино әлеміне қадам басуды армандайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Парасат көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол — үйдің кенжесі. Әкесі ол он жаста болғанда қайтыс болған. Үлкен аға-әпкелері өз алдына отау тігіп, Парасат қарт анасының жанында қалған.

Айтуынша, бала кезінде ешқандай ерекшелігі болмаған. Дәрігерлер де денсаулығынан ақау таппаған. Анасынан естіген деректерге сүйенсек, Парасаттың бойы мен салмағы алтыншы сыныптан бастап күрт өсіп кеткен.

– Анам мені қалыпты салмақта туғанын айтады. Ал бойым шамамен алтыншы сыныптан бастап күрт өсе бастады. Дәрігерлер денсаулығым жақсы екенін, бойым әкемнің жағындағы әжемнен дарығанын айтты. Ол да ірі кісі болған екен, – дейді Парасат.

Мектеп жылдары оның бойы мен аяғының өлшемі қатар өсті. Тоғызыншы сыныпта аяқ киімінің өлшемі 50-ге жетіп, мектепті 2014 жылы аяқтаған кезде бойы 2 метрге, салмағы 120 келіге жеткен. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш те арта түскен.

Киім мен аяқ киім табу Парасат үшін үлкен мәселеге айналған. Киімдерді туысы тігіп берсе, аяқ киімге тапсырыс беруге тура келген. Ұзақ уақыт бойы қолдан жасалған аяқ киім киіп, қыс мезгілінде үйден шықпайтын болған. Тек 2022 жылы ауылдастарының көмегімен Алматыдан 200 мың теңгеге арнайы аяқ киімге тапсырыс берген.

Қазір оның аяқ киімінің өлшемі — 56. Осы физикалық ерекшелігі арқылы ол Қазақстан рекордтар кітабына енген.

Мектеп бітірген соң Парасат дәнекерлеуші мамандығын алғанымен, ірі дене бітімінің салдарынан бұл кәсіппен тұрақты жұмыс істей алмаған. Бүгінде нақты табыс көзі жоқ, қолына қандай жұмыс түссе, сонымен айналысады. Құрылыс жұмыстарынан бастап зиратқа жер қазуға дейін түрлі шаруаларды атқарып келеді.

Десе де, Парасаттың бала күнінен келе жатқан үлкен арманы бар — ол киноға түсуді қалайды. Алайда ұялшақ мінезі мен өзіне деген сенімсіздік бұл арманына жол ашуға кедергі келтіріп отыр.

– Киноға түсуді қатты армандаймын. Қара жұмыс қажытты. Бірақ өзімді жариялауға ұяламын, неден бастарымды білмеймін. Бәлкім, арманым сол күйінде орындалмай қалатын шығар, – дейді ол.

Аман ШАМАР

Сурет П.Нұрғалиевтың жеке мұрағатынан